ШҚО-да билік өкіліне бағынбаған ер адам жауапқа тартылды
ШҚО-да билік өкіліне бағынбаған ер адам жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында полицейге шабуыл жасаған ер адам екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол түрмеге отырмай, пробация қызметінің есебіне алынды.
Оқиға құжаттарды тексеру кезінде болған. Полиция қызметкерлері ішінде екі ер адам отырған көлікті тоқтатқан. Олардың бірі есірткіге мас күйде құжаттарын көрсетуден бас тартып, агрессивті әрекеттер жасаған.
Жағдай тез ушығып, жанжалға ұласқан. Ер адам полицейлердің біріне дене жарақатын салып, кейін қызметкердің басы мен қолдарына тас лақтыра бастаған.
Сот шешімімен, ер адам екі бап бойынша кінәлі деп танылды: есірткі құралдарын тұтыну және билік өкілдеріне қатысты күш қолдану. Алайда, сот істің мән-жайын ескеріп, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындады.
Енді құқық бұзушы пробация қызметіне үнемі келіп тұруға міндетті. Оған құқықтары мен міндеттері, соның ішінде есірткі тұтынуға және құқық бұзушылықтар жасауға тыйым салынғандығы түсіндірілді. Белгіленген ережелерді бұзған жағдайда, бас бостандығын шектеу жазасы нақты түрме мерзіміне ауыстырылуы мүмкін.
— Біздің міндетіміз – адамды қамау емес, оған қоғамның пайдалы мүшесі болуға көмектесу. Біз оның қайта қылмыс жасауына жол бермеу үшін әр қадамын бақылайтын боламыз. Бұл сот төрелігі жүйесі тек жазалап қана қоймай, екінші мүмкіндік те беретінінің айқын мысалы, — деп түсіндірді ШҚО ҚАЖД Шемонаиха ауданы бойынша пробация қызметі бөлімінің бастығы Гүлмира Бөлекбаева.