ШҚО-да біреудің телефонын алаяқтық жолмен иемденген азамат анықталды
Қысылған адамға көмек қолын созған Өскемен тұрғыны ұялы телефонынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Наурыз айының басында Өскемен қаласының ПБ Үлбі полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 27 жастағы ер адам хабарласып, ұялы телефонынан айырылып қалғанын айтты. Оқиға жәбірленушінің үйінің ауласында болған, бейтаныс біреу шұғыл қоңырау шалу қажеттігін айтып, оның ұялы телефонына қол жеткізгеннен кейін, оқиға орнынан бой тасалаған. Осылайша жәбірленушіге 70 000 теңге шығын келтірілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері осы қылмысты жасаған Глубокое ауданының 24 жастағы тұрғынын анықтады. Күдікті азамат өз кінәсін мойындады.
Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.