ШҚО-да ер адам ішімдік үшін егде жастағы әйелді соққыға жыққан
ШҚО-да ер адам ішімдік үшін егде жастағы әйелді соққыға жыққан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақпан айының басында Глубокое ауданының полиция бөліміне 62 жастағы зейнеткер жүгінді. Ол түнде оның 34 жастағы танысы үйге кіруге қарсылық білдіргеніне қарамастан, оның үйіне заңсыз баса-көктеп кіріп, оған дене жарақаттарын түсіргенін хабарлаған.
Жауап алу кезінде ер адам жәбірленушіге алкогольдік сусын сұрап келгені анықталды. Алайда сұрағанын бермегені үшін ашуланған азамат қорғансыз әйелге шабуылдап, аяусыз соққыға жығып, қолындағы темір затпен бірнеше рет ұрып жіберген.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тергеу барысында күдікті кінәсін мойындаған.
Бүгінгі күні ұсталған азамат ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 149-бабы 2-бөлігі (Тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.