ШҚО-да есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды
Шығыс Қазақстан облысында есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес құрылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде жаңа консультативтік-кеңестік орган – есірткі қылмысының алдын алу жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады.
Бұл – өңірдегі осындай форматтағы алғашқы құрылым. Оның мақсаты – есірткі қылмысына қарсы күрес, заң мен тәртіпті сақтау, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау бағытында полиция, азаматтық қоғам және танымал тұлғалардың күшін біріктіру.
Бұл бастама ҚР Ішкі істер министрлігінің үкіметтік емес ұйымдармен, қоғам белсенділерімен және сарапшылармен серіктестікті нығайту жөніндегі бастамасының жалғасы ретінде іске асырылып отыр.
— Бүгін біз нашақорлық қатерінен азат қоғам қалыптастыру жолында маңызды қадам жасадық. Профилактика – адам өмірін сақтаудың негізгі тетіктерінің бірі. Біз бұл жолды еліміздің болашағына бейжай қарамайтын адамдармен бірге бастаймыз. Кеңес құрамында – өз ісінің кәсіби шеберлері, қоғам қайраткерлері, атақты спортшылар бар. Олардың әрқайсысы ортақ мақсат жолында жұмыс істеуге дайын, – деді ШҚО ПД бастығы Ерлан Омарбеков.
Кеңес мүшелері қатарында – Олимпиада чемпионы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері - Ольга Рыпакова, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері- Денис Уланов,Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, үш Олимпиаданың қатысушысы, академиялық есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері - Екатерина Смирнова және жастар арасындағы дүниежүзілік ойындардың күміс жүлдегері, самбодан әлем кубогының жүлдегері, самбо, дзюдо және қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері- Руслан Ақтаев бар.
Іс-шара барысында кеңес мүшелеріне жобаға қатысуды растайтын куәліктер табысталды. Полицейлердің пікірінше, қоғамда беделге ие тұлғалардың бірлесуі тиімді алдын алу стратегияларын әзірлеуге және әсіресе жастармен, әлеуметтік осал топтармен жұмыс барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
— Біз тәуелділікке түскен жандардан теріс айналмауымыз керек. Оларға қол ұшын созуға дайынбыз, себебі әрбір оқиғаның артында – бір отбасы, бір тағдыр, бір өмір бар. Бұл – әрбір дауыс естілетін, бірлескен жұмыс арқасында оның алдын алуға себеп болатын орта, – деп атап өтті “Жастар рухы” жастар қанатының төрайымы Қорлан Түгембаева.
ШҚО бас полицейінің айтуынша, кеңес – қоғам мен полиция арасындағы көпірге, ақыл мен ізгіліктің үнін біріктіретін құралға айналады. Себебі есірткі мәселесі бүгінде қоғамның барлық жастағы азаматтарына әсер етуде. Мұндай жағдайда тек жедел шаралар ғана емес, сенім, қамқорлық және бірлескен әрекетте аса маңызды.