ШҚО-да интернет-дүкен арқылы есірткі сатқан күдікті ұсталды
ШҚО-да интернет-дүкен арқылы есірткі сатқан күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскеменде полицейлер облыс прокуратурасымен бірлесе отырып, есірткі сату мақсатында жұмыс істеген интернет-дүкеннің "қоймашы" қызметін атқарған 23 жастағы тұрғынды ұстады.
Күдіктінің көлігін тінту кезінде полимерлік екі қаптамаға салынған ақ түсті ұнтақ тәрізді зат табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген психотроптық зат мефедрон екені анықталды. Оның жалпы салмағы 2 келіден асады, бұл 2 мыңнан астам бір реттік дозаға тең. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері ШҚО-да полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы 225 есірткіге қатысты құқық бұзушылықты анықтаған. Заңсыз айналымнан 590 келіден астам есірткі заты тәркіленіп, есірткі сату дерегі бойынша 13 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 11 фитозертхананы жойды.
Полиция есірткі қолдану мен таратудың адам өмірі мен денсаулығын құртатынын, ал олардың айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.