ШҚО-да колонияға ірі көлемдегі есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді
ШҚО-да колонияға ірі көлемдегі есірткі жеткізу әрекетінің жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жақында ғана шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан 26 жастағы рецидивист Шемонаиха ауданындағы түзеу мекемесінің қоршауынан пакеттерді лақтырып жібермек болған. Колония қызметкерлері мен Ұлттық ұлан сарбаздары жедел жұмыс істеп, оны ұстады. Кинологиялық ит бірден пакеттер болуы мүмкін жерді көрсетіп, қылмыс орнынан қашпақ болған "курьердің" ізіне түсті.
Ерекше назар аударған жайт: есірткі салынған пакеттер скотчпен және электродтармен оралған. Ұсталған азаматтың айтуынша, электродтар жіберілген сәлемдеменің қай жерге түсетінін көруге көмектесуі керек болған, сонда ол шөп пен бұталардың арасында жоғалып кетпейді. Алайда, оның тапқырлығына қарамастан, жоспары іске аспады. Сараптама алынған заттың салмағы 600 грамнан асатын кептірілген марихуана есірткісі екенін растады.
- Мекеме периметріне тыйым салынған заттарды тасымалдау әрекеттері қатаң түрде тоқтатылады, колония қызметкерлері мен қосымша күштер үздіксіз қызмет атқарады. Біз бір апта ішінде ірі көлемдегі есірткіні жеткізудің екінші әрекетінің жолын кестік, – деді ҚР ІІМ ҚАЖК № 18 мекемесінің бастығы Қуаныш Қонжанов.
Енді рецидивист үшін жаңа өмір бастаудың орнына, оны жаңа мерзім күтіп тұр. Оған қатысты аса ірі мөлшерде есірткіні заңсыз өткізу туралы бап бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, "курьер" Шемонаиха ауданының уақытша ұстау изоляторында отыр.
Заң мен тәртіп – жай сөз емес, біз күн сайын ұстанатын қағидалар. Біз қоғамның қауіпсіздігіне кепілдік беру және сотталғандардың қылмыстық ортаға одан әрі енуіне жол бермеу үшін белгіленген режимді бұзуға бағытталған кез келген әрекеттердің жолын қатаң кесе беретін боламыз.