Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да көші-қон қызметкерлері тыл ардагеріне құжаттарын үйінде рәсімдеді

ШҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккері, 1930 жылы туған Иващук Мария Васильевнаға, сондай-ақ оның келіні, 1943 жылы туған Иващук Галина Александровнаға мемлекеттік қызметті тұрғылықты мекенжайы бойынша көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жасы ұлғайғандығына, денсаулық жағдайына және жеке басын куәландыратын құжаттарын жоғалтуына байланысты аталған азаматтар халыққа қызмет көрсету орталығына өздігінен жүгіне алмаған. Осыған орай, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері олардың үйіне арнайы барып, қызмет көрсетті.

Қызмет көрсету барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері өтініштерді қабылдап, азаматтарды фотосуретке түсіріп, қажетті құжаттар топтамасын рәсімдеді. Нәтижесінде 15 күннен кейін дайын болған жаңа жеке куәліктер азаматтарға өз үйлерінде табысталды.

Көші-қон қызметі басқармасында мемлекеттік қызметтерді үйде көрсету басым бағыттардың бірі екені атап өтілді. Бұл формат денсаулығына байланысты мемлекеттік мекемелерге бара алмайтын қарт азаматтар, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қызметтердің қолжетімді әрі тең дәрежеде ұсынылуына мүмкіндік береді.

Айта кету керек, 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі қызметкерлері қарт азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты 653 рет үйге барып қызмет көрсеткен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру