ШҚО-да көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 шетелдік елден шығарылды
ШҚО-да «Заңсыз-Трафик» ЖПІШ барысында көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 11 шетелдік елден шығарылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 5-12 шілдесі аралығында ШҚО-да заңсыз көші-қон фактілерін, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзушылық фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Заңсыз-Трафик» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Уәкілетті органның рұқсатынсыз шетелдік азаматтардың еңбек қызметін жүзеге асыру бойынша заң бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, Өскемен және Семей қалаларында Өзбекстан Республикасының 35 азаматы анықталды, олар жеке тұлғалардан еңбек қызметін жүзеге асыруға рұқсат алған, көп пәтерлі үйлер салып, жеке кәсіпкерлерде жұмыс істеген.
– Қазіргі уақытта аталған заң бұзушылық үшін жұмыс берушілер ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 100 АЕК сомасында айыппұл тағайындалды, сондай-ақ шетелдік тұрғындарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданды, – деді ШҚО ПД КҚҚБ бастығы Ербол Бекпаев.
Жедел профилактикалық іс-шараның екі күні ішінде 207 азамат көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 11 шетелдік елден шығарылып, 61 адамның елде болу мерзімі қысқартылды.