ШҚО-да мектеп оқушыларының форумы өтті
Алтай ауданында "Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалықтың кепілі" тақырыбында оқушыларға арналған форумы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара аудандық полиция бөлімінің бастамасымен "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып, оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды.
Форумға Алтай ауданы полиция бөлімінің бастығы Денис Еримбесов, аудан прокуроры Ержан Рыспаев, аудан әкімінің орынбасары Жанна Аскарова, аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытгүл Канафина және аудандық мәслихат депутаты Берік Болатканов қатысты.

Іс-шара барысында мектеп командалары заңды нығайтуға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және балалар үшін қауіпсіз орта құруға бағытталған жобалар мен бастамаларын таныстырды. Қатысушылар өздерінің жақсы дайындықтарын, заң негіздерін меңгергенін және белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетті.
Алтай ауданы полиция бөлімінің бастығы Денис Еримбесов мұндай кездесулер жас ұрпақтың заңға деген құрметін қалыптастыруда маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінде жастардың заңның маңызын және жеке жауапкершілікті түсінуі аса маңызды. Осындай кездесулер оқушылардың құқықтық мәселелерді дұрыс түсінуіне және заңға құрметпен қарауына ықпал етеді, – деді ол.
Форум қорытындысы бойынша мектеп командалары грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, полиция, білім беру жүйесі мен қоғам арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

