Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да өрт кезінде полицейлер мен өрт сөндірушілер бес адамды құтқарды

ШҚО-да өрт кезінде полицейлер мен өрт сөндірушілер бес адамды құтқарды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

17 желтоқсан күні Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Шемонаиха қаласының үшінші шағын ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.

Оқиға орнына жедел түрде өрт сөндіру қызметі мен полиция қызметкерлері жетті. Шемонаиха ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының бастығы Нұртас Тоқтарханов және учаскелік полиция инспекторы Руслан Усинов өрт сөндіру қызметінің мамандарымен бірлесе отырып, жедел әрі үйлесімді әрекет ету арқылы бес адамды құтқарды. Тағы 17 тұрғын түтінге толы кіреберістен өз бетімен қауіпсіз жерге шығып үлгерді.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары арнайы техниканың оқиға орнына кедергісіз жетуін қамтамасыз етіп, өрт сөндірушілерге жан-жақты қолдау көрсетті.

Өрт сөндіру қызметінің күшімен өрт ошағы 15 шаршы метр аумақта оқшауланып, толықтай сөндірілді.

Жедел қызметтердің кәсіби әрі үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде өрт дер кезінде ауыздықталып, зардап шеккендер тіркелген жоқ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру