ШҚО-да полицей кинология қызметінің қыр-сырымен бөлісті
ШҚО-да полицей кинология қызметінің қыр-сырымен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ит – жеті қазынаның бірі, ал кинолог – сол ақылды да, адал жануармен тіл табысып, оны қызметке бейімдейтін маман. Бұл қызмет түрі тек жануарларға деген сүйіспеншілікті ғана емес, үлкен төзімділік пен біліктілікті талап етеді. Полиция аға лейтенанты Еламан Рахметқалиев – кинология саласында өз ісінің шебері атанған, нағыз адалдық пен жауапкершілікті ту еткен қызметкер.
– Қызметтік иттің басты артықшылығы – оның иіс сезу қабілеті мен адалдығы. Жұмыс барысында неміс овчаркасы мен бельгиялық овчарка тұқымды иттермен жұмыс істеу маған ерекше ұнайды. Өйткені олар төзімділігі мен ақылдығының арқасында полиция қызметінде таптырмас көмекші бола алады, – дейді тәртіп сақшысы.
Кинология саласында итті жаттықтыру – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Итпен дұрыс байланыс орната білу – кәсіби кинологтың басты міндеті. Жануарлар адамның көңіл-күйін сезеді, сондықтан олармен жұмыс істеуде сенімділік пен сабырлылық қажет. Қызметтік иттер арнайы жаттығулардан өтеді, олардың қабілеттері үнемі жетілдіріліп, сынақтан өткізіледі. Осындай көмекшілердің арқасында жоғалған адамдар табылып, қылмыстар ізін суытпай ашылады.
– 2022 жылы Күршім АПБ-ға қызметке келіп, 2024 жылдан бастап Өскемен ПБ-да қызметімді жалғастырудамын. Осы салада жүріп, Алматы қаласындағы ІІО Кинологиялық орталығында “Адам иісімен іздеу” бойынша арнайы курстан өттім. Оқу кезеңінде шынайы оқиғаға тап болып, Талғар ауданында уақытша ұстау изоляторынан қашқан азаматты қызметтік иттің көмегімен іздеп тауып, өзімнің кәсіби шеберлігімді дәлелдедім. Менің өмірімде есте қалатындай сәттер көп болды. Соның бірі колледжде оқып жүргенімде 5 жасар баланы судан аман алып қалғаным – полиция қызметкері болуға деген арманымды нақты мақсатқа айналдырды. Осыдан кейін ешқандай қиындыққа мойымай, тоқтап қалмай тек алға жүруге шешім қабылдадым, - деп полицей естеліктерімен бөлісті.
Еламан Рахметқалиевтың қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. 2025 жылы біліктілігін арттыру курсы емтиханынан үздік өтіп, “Ең үздік кинолог” медалімен марапатталды. Тәртіп сақшысы бұл жетістікке өзінің тәлімгері Гордеев Алексей Викторовичтің қолдауының арқасында жеткенін айтып, ұстазына шын жүректен алғыс білдірді.
Қызметіне адал маман Еламан үшін кинология жай ғана мамандық емес, өмірлік миссиясы. Ол қызметтік иттердің күтімі мен жаттығуын жіті бақылап, олардың физикалық және психологиялық жағдайына үлкен мән береді. Өйткені, иттің қызметтегі тиімділігі кинологтың шеберлігіне байланысты.
Кинолог – жануарға ғана емес, адамға да терең түсіністікпен қарайтын маман. Еламан Рахметқалиевтың табандылығы мен еңбегі – осы кәсіптің маңыздылығын айқын көрсетеді. Ол өзінің кәсібіне деген адалдығымен, төзімділігімен, шынайы ынтасымен көптеген жас мамандарға үлгі болары сөзсіз.