ШҚО-да полицейлер майдангер Құрмат Рахимовты құттықтады
ШҚО-да полицейлер майдангер Құрмат Рахимовты құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық қарттар күніне орай Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимовқа арнайы барып, құрмет көрсетті. Ол – ерліктің, табандылықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

1942 жылы, кәмелет жасына толған бойда Құрмат Рахимов майданға шақырылды. Әскери қызметін жалпыәскер бөлімдерінде бастап, 1944 жылдың жазында "Багратион" операциясына қатысып, Белоруссия, Литва және Шығыс Пруссия аумақтарын азат етуге атсалысты. Өзінің жауынгерлік жолын Кенигсберг қаласында аяқтады.
Құрметті ардагерді елге сіңірген еңбегі мен ерлігі үшін ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов және ұзақ жылдардан бері серігі әрі досы, ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев арнайы құттықтап барды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Сәденов пен Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбековтың атынан Құрмат Рахимовқа Жеңіске қосқан үлесі мен өнегелі өмір жолы үшін алғыс хаттар табысталды. Бұл – ардагерге деген шынайы ілтипат пен құрметтің белгісі.
Құрмат Рахимов – бүгінгі полицейлер үшін өнеге, ал оның ерлігі мен өмір жолы Шығыс Қазақстан тарихының және халық мақтанышының бір бөлігі болып қала бермек.
