ШҚО-да полицейлер отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсында жеңіске жетті
ШҚО-да полицейлер отбасы облыстық «Мерейлі отбасы» конкурсында жеңіске жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
– Байқау отбасылық байланыстарды, ұлттық және мәдени дәстүрлерді нығайтуға арналған ұлттық брендке айналды. Мықты, тату отбасы – ел болашағының, оның табысты дамуы мен өркендеуінің кепілі. Әрбір отбасыға денсаулық, амандық, махаббат пен адалдық тілеймін, – деді ШҚО әкімі аппаратының басшысы Ербол Нұрғалиев.
Алтай ауданы Серебрянск қаласынан келген Макиленовтар отбасы өңірлік байқаудың жеңімпаздары атанды. Өз ортасында береке мен бірлігі жарасқан шаңырақ ретінде белгілі Ернұр мен Әсем 13 жыл тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде 3 баланы тәрбиелеп отыр. Ерлі-зайыптылар балаларын еңбекқорлыққа, алға қойған мақсаттарына жетуде табандылыққа үйретіп жатыр.
– Біз, Макиленовтар отбасы, «Мерейлі отбасы» жобасына қатысып, аудандық жарыста жеңіске жеттік. Біз қуаныштымыз, өйткені бұл біздің жанұямыз үшін өте маңызды. Енді біз республикалық байқауда Шығыс Қазақстанның намысын қорғаймыз, бізге сенім артқандарыңыз үшін рақмет. Әр отбасына қуаныш пен амандық тілейміз, – деді Әсем Мұқаметқалиқызы.
Макиленовтар отбасы – халықтың игілігі үшін қызмет ететін тәртіп сақшылары екенін айта кеткен жөн. Отағасы Ернұр Умытқанұлы ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде ол ШҚО ПД Алтай ауданы ПБ Серебрянск қаласы полиция бөлімінің криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы қызметін атқарады. Жұбайы Әсем Мұқаметқалиқызы ішкі істер органдарының зейнеткері. Алайда, құрметті демалыста да ол полиция жұмысын таңдады.
Кейіпкеріміз Әсем ШҚО ПД Алтай ауданы ПБ Серебрянск қаласының полиция бөлімінің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының жетекші маманы болып жұмыс істейді.
Байқаудың облыстық кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар табысталды. Енді Макиленовтар отбасы 8 қыркүйекте облыс атынан республикалық деңгейде бақ сынайды.