Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полицейлер қаңтардың алғашқы күндері күшейтілген режимде жұмыс істеді

ШҚО-да полицейлер қаңтардың алғашқы күндері күшейтілген режимде жұмыс істеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаңа жылдың алғашқы күндері - 1-5 қаңтар аралығында Шығыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеді. Мереке күндері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекше бақылауға алынды.

Бес күн ішінде полицейлер 1 725 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Олардың көпшілігі апаттылық деңгейіне тікелей әсер ететін жол жүру қағидаларын бұзу жағдайлары болды.

Тәртіп сақшыларын, ең алдымен, мас күйінде көлік басқару фактілері алаңдатады. Осы кезеңде 13 мас жүргізуші ұсталды. Көп жағдайда олар алкогольдік масаң күйде болған, кейбірі медициналық куәландырудан бас тартқан. Мұндай әрекеттер масаң күйде болуды мойындаумен тең болып, қатаң әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандардың рөлге қайта отыру жағдайлары да алаңдатады. Бес күн ішінде бірнеше мұндай факті анықталып, енді бұзушыларға әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылды.

Мәселен, түнгі рейдтердің бірінде жүргізуші полицейлерді "тек қонақтарды шығарып салдым" деп сендіріп, әрекетінен ешқандай қауіп жоқ екенін айтқанымен, куәландырудан бас тартты. Нәтижесінде автокөлік тәркіленіп, мамандандырылған тұраққа қойылды, ал жүргізуші заңға сәйкес жауапқа тартылды.

Азаматтардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіптің алдын алу мақсатында 16 көлік пайдаланудан алынып, арнайы тұрақтарға орналастырылды. Мұнда техникалық ақаулардан бастап, қажетті құжаттардың болмауына дейінгі түрлі себептер анықталды.

Тексеру барысында сонымен қатар келесі бұзушылықтар тіркелді:

  • Міндетті сақтандырусыз көлік басқару;

  • Техникалық ақауы бар көлікті пайдалану;

  • Көлікті заңсыз қайта жабдықтау;

  • Жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін бұзу (әсіресе қалааралық және жолаушылар тасымалында қауіпті);

  • Апаттық жағдай туғызу және жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеу.

Профилактикалық іс-шаралардың жеке бір бөлігі жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне арналды. Полицейлер жүргізушілердің жаяу жүргіншілер өткелінде жол бермеуінің ондаған жағдайын анықтады. Сонымен қатар жолды белгіленбеген жерден өткен немесе қауіпсіздік талаптарын елемеген жаяу жүргіншілер де жауапқа тартылды.

Полиция мереке күндері жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері - асығыстық, зейінсіздік және мас күйінде көлік басқару - өзгеріссіз қалғанын атап өтті.

Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру