ШҚО-да полицейлер қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмектесті
Шығыс Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторы мен патрульдік қызметкерлер қар құрсауында қалған жүргізушілер мен жолаушыларға дер кезінде көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шемонаиха – Секисовка тасжолында қатты боран салдарынан бірнеше көлік қарға батып, шамамен онға жуық автокөлік қозғалыссыз қалған болатын. Сол маңдағы ауылдарды тексеріп жүрген учаскелік инспектор жағдайды байқап, көмекке бірден асықты. Көп ұзамай оған патрульдік полиция қызметкерлері қосылып, бірлескен күш-жігердің арқасында азаматтарды қар құрсауынан аман-есен алып шығып, ең жақын елді мекенге жеткізді.
Табиғаттың тосын мінезіне тап болған жолаушылар полиция қызметкерлерінің шұғыл әрекеті мен жанашырлығын ерекше атап өтті. Олар мұндай төтенше жағдайда тәртіп сақшыларының көмегінің қаншалықты маңызды әрі бағалы екенін айтты.
Полицияның жеделдігі мен кәсібилігі, әсіресе, қыстың қатал күндерінде, азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауда үлкен рөл атқаратынын тағы бір рет дәлелдеді.