ШҚО-да полицейлер үш күнде отбасында жанжал шығарған 240-тан астам адамды есепке қойды
ШҚО-да полицейлер үш күнде отбасында жанжал шығарған 240-тан астам адамды есепке қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл ауыр әлеуметтік салдары бар проблема, ол зардап шеккендердің құқықтарын бұзып қана қоймай, жас ұрпаққа теріс әсерін тигізіп жатады. Осыған байланысты облыс аумағында 24-30 қаңтар аралығында «Тұрмыс» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
Үш күнде тұрғылықты жері бойынша жедел алдын алу іс-шараларын өткізу барысында үш мыңнан астам адам тексеріліп, 934 құқық бұзушылық анықталды, барлық фактілер бойынша тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мұндай жағдайларда алдын алудың тиімді шараларының бірі – «қорғау туралы нұсқама» шығару және «арнайы талаптар» белгілеу.
Жедел алдын алу іс-шарасын жүргізу барысында 241 отбасының шырқын бұзған азамат есепке қойылды, оларға қатысты «қорғау нұсқамалары» шығарылды, 74 адамға қатысты сот мінез-құлыққа «ерекше талаптар» белгіледі.
Сонымен қатар, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелесін шешу үшін Полиция департаменті төрт дағдарыс орталығымен тығыз өзара іс-қимыл жасайды, олардың біреуінде уақытша тұру қарастырылған баспана бар. Дағдарыс орталығына орналастырылған адамдармен профилактикалық әңгімелер жүргізіледі, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда «102» жедел арнасына немесе 77-19-23 дағдарыс орталығына хабарласу керектігін еске салады.