ШҚО-да полицейлер заңсыз еңбек мигранттарын анықтады
ШҚО-да полицейлер заңсыз еңбек мигранттарын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО ПД көші-қон қызметінің және Күршім аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері рейдтік іс-шараларды өткізу барысында көрші республикадан ауданда салынып жатқан объектіде заңсыз жұмыс істеген 11 азаматты анықтады.
Шетелдік азаматтар ағымдағы жылдың наурыз айында келген, бұл ретте еңбек қызметін жүзеге асыру үшін уәкілетті орган беретін тиісті рұқсаты болмағаны белгілі болған. Жұмыс беруші рұқсат құжаттарынсыз шетелдік азаматтарды жұмысқа қабылдаған. Қазіргі уақытта аталған бұзушылық үшін шетелдіктер Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Заңсыз мигранттарды жұмысқа алған жұмыс беруші де 30 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салу арқылы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. ШҚО ПД көші-қон қызметі уәкілетті органның рұқсатынсыз Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдік азаматтардың еңбек қызметіне тыйым салынғанын ескертеді.