ШҚО-да полицейлерге 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді
ШҚО-да полицейлерге 198 жаңа қызметтік автокөлік берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласында полиция бөлімшелеріне жаңа қызметтік автокөліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Арнайы техниканың кілттерін жеке құрамға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.
Автопаркті жаңарту – ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Полицияға берілген жаңа автокөліктер заманауи талаптарға сай: олар сенімді байланыс құралдарымен, бейнетіркеу жүйелерімен, бағыттау құрылғыларымен, арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен, сондай-ақ жедел қызмет атқаруға қажетті басқа да техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өз сөзінде тәртіп сақшыларын арнайы техникамен қамтамасыз ету – өңірдегі криминогендік ахуалды тұрақтандыруға бағытталған кешенді шаралардың маңызды бөлігі екенін атап өтті.
— Полицейлер тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардан келіп түскен әрбір шақыруға жедел әрекет етеді, кез келген жағдайда көмек көрсетеді. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсібилігі мен адалдығының арқасында облыста тұрақтылық пен қауіпсіз орта қалыптасып отыр, — деді ол.
Жаңа автокөліктер патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция бөлімшелері және өңірдің аумақтық бөлімдері арасында бөлінетін болады.
ШҚО полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков облыс тарапынан көрсетіліп отырған қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
— Бүгін көрсетілген қолдау – өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес. "Заң және тәртіп" қағидаттары – біздің қызметіміздің негізгі өзегі. Бұл қолдау бізге жүктелген міндеттерді тиімді орындауға үлкен серпін береді, — деді департамент басшысы.
Полиция автокөлік паркін жаңғырту өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті арттыру және ішкі істер органдарының инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бағдарламалар аясында жалғаса береді.
