ШҚО-да полиция 200 жүзге жуық оқушыға мерекелік көңіл-күй сыйлады
ШҚО-да полиция 200 жүзге жуық оқушыға мерекелік көңіл-күй сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында "Қазақстан балалары" республикалық бағдарламасы аясында полиция департаменті кадет сыныптарының тәрбиеленушілері мен қамқорлықтағы мектеп оқушыларына арнап мазмұнды ашық есік күнін ұйымдастырды. Іс-шараға екі жүзге жуық бала қатысты. Бұл күн олардың есінде ұзақ сақталатын жарқын әсерге толы болды.
Балалар құқық қорғау қызметінің тыныс-тіршілігімен жақын танысып, тәртіп сақшыларының батыл да жауапты еңбегін өз көздерімен көрді. Саперлер мен кинологтардың қызметтік иттермен бірлескен көрсетілімдері, сондай-ақ арнайы жасақ сарбаздарының кәсіби жаттығулары жас көрермендерді тәнті етті. Бұл көріністер шынайы ерлік пен тәртіптің үлгісіне айналды.
Заманауи техника мен оқу қаруының көрмесі, тәжірибелік сабақтар балалардың ерекше қызығушылығын оятты. Инструкторлар әр баламен тілдесіп, олардың сұрақтарына жауап беріп, полиция қызметінің маңызын түсіндірді.
Іс-шара спорттық сайыстармен жалғасты. Шахмат пен үстел теннисінен ұйымдастырылған турнирлерде оқушылар өз ептіліктері мен табандылықтарын көрсетті. Жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар марапатталды.
Бұл ашық есік күні – жас буын мен полиция арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайтатын маңызды алаңға айналды. Мұндай кездесулер балалардың бойында заңға деген құрметті қалыптастырып, Отанға адал қызмет етуге шабыттандырады.
Шара мейірімге, сенімге және болашаққа деген үмітке толы көңіл-күймен қорытындыланды. Себебі шынайы күш – келешек ұрпаққа қамқорлықта.