ШҚО-да полиция 6 мың метр браконьерлік торды тәркіледі
ШҚО-да полиция 6 мың метр браконьерлік торды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
”Браконьер” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 6 мың метрден астам заңсыз орнатылған тор мен 600 келі балық тәркіленді. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының бірлескен жұмысының нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзудың 232 фактісі анықталып, табиғатқа келтірілген залал көлемі 4,5 миллион теңгеден асты.
Маңызды оқиғалардың бірі – 37 жастағы ер адамның заңсыз балық аулағаны үшін ұсталғаны. Оны ВАЗ-21010 автокөлігімен кетіп бара жатқанда тоқтатқан. Тексеру кезінде көлігінен әртүрлі балық түрлері табылып, оларды аулауға рұқсат құжаттары болмай шықты. Ер адам Зайсан көлінде моноторларды орнатқанын және қанша балық түскенін тексеруге келген сәтте полиция қызметкерлері оны ұстағанын мойындады.
Заңсыз ауланған балықтың жалпы салмағы 100 кг құрап, экожүйеге келтірілген шығын 500 мың теңгеден асты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
“Браконьер” іс-шарасы әлі де жалғасуда. Құқық қорғау және табиғатты қорғау органдарының өкілдерінен құрылған мобильді топтар заңсыз балық аулауға қарсы күрес жүргізіп, өңір экологиясын қорғауда.