ШҚО-да полиция автожуу ғимаратының екінші қабатында тұрған отбасыны анықтады
"Тұрмыс" жедел профилактикалық іс-шарасы аясында ШҚО-да полицейлер автожуу ғимаратының екінші қабатында тұрған отбасыны анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу, сондай-ақ зардап шеккендер жандарға уақытылы көмек көрсетуге бағытталған "Тұрмыс" жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Жыл басынан бері өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 146 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға өскен, бұл осы бағыттағы жұмысты күшейтудің өзектілігі мен қажеттілігін растайды. Зардап шеккен жандарды қолдау үшін ШҚО-да 65 орынмен жабдықталған 4 дағдарыс орталығы, сондай-ақ 2 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Өткен айларда бұл жерлерге 2 900-ден астам азамат жүгініп, 89 әйел мен 50 балаға баспана берілген.
Мамандар психологиялық, заңгерлік және әлеуметтік көмек көрсетіп, адамдарға қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектесуде. "Тұрмыс" ЖПІШ аясында полиция қызметкерлері үй-үйді аралап, алдын алу әңгімелерін жүргізуде, есепте тұрған отбасыларды тексеріп, тұрмыстық жанжалдар туралы хабарламаларға жедел ден қоюда. Осындай рейдтер барысында Өскемен қаласында алаңдатарлық жағдай анықталды.
9 жасар қыз жүйелі түрде алкогольді ішімдіктерге әуестенген ата-анасымен бірге қолайсыз жағдайда тұрған. Бала автожуу ғимаратының екінші қабатында тіркеусіз және қарапайым өмір сүруге жағдайы жоқ бөлмеде ересектердің қарауында болған. Полиция қызметкерлері дереу іске кірісті. Ата-анасы жауапкершілікке тартылып, алдын алу есебіне қойылды. Қыз уақытша бейімдеу орталығына берілді, онда мамандардың қажетті қолдауын алуда.
Полиция отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл отбасының жеке ісі емес, азаматтардың қауіпсіздігі мен денсаулығына төнген қатер. Осындай жағдайға тап болған немесе құқық бұзушылықтың куәгері болған әрбір адамды 102 нөміріне немесе жақын маңдағы полиция бөлімшесіне хабарласуды сұраймыз.
