Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полиция азаматтарға цифрлық қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті киберқылмыстардың алдын алуға және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған кең көлемді профилактикалық іс-шараны жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өңірдің барлық қала-ауданында тәртіп сақшылары тұрғындармен кездесулер өткізіп, интернеттегі және телефон арқылы байланыстағы басты қауіп-қатерлерді түсіндіріп, қауіпсіз жүріс-тұрыс қағидаларын үйретуде.

Бар-жоғы үш күннің ішінде полицейлер 76 елді мекенді аралап, 430-дан астам көпқабатты үй мен 10 мыңға жуық жеке тұрғын үйді қамтыды. Үй-үйді аралау барысында 64 мыңнан астам тұрғынға кибералаяқтардың айла-тәсілдерін тану және өзін қорғау жолдары жан-жақты түсіндірілді.

Ал профилактикалық жұмыстың тиімділігін күшейту үшін әуе арқылы хабар тарата алатын дыбыс зорайтқышы бар дрон да іске қосылды. Ол тұрғын аудандардың үстінен киберқауіпсіздікке қатысты ескертулерді хабарлап ұшып жүр.

— Бүгінде цифрлық сауаттылық мәселесінің маңызы айрықша. Алаяқтар қашықтан әрекет етіп, күн сайын жаңа айла-шарғыларды қолдануда. Біздің басты міндетіміз – мұндай қылмыстардың алдын алу және тұрғындарда цифрлық гигиена мәдениетін қалыптастыру, — деп атап өтті ШҚО ПД бастығының міндетін атқарушы Алмаз Төкенов.

Тұрғындарға таратылған ақпараттық жадынамаларда ең көп тараған алаяқтық схемалары мен жеке деректерді қорғау бойынша практикалық кеңестер қамтылған. Азаматтарға банк картасының деректерін, SMS-кодтар мен құпиясөздерді бөгде адамдарға бермеу, сондай-ақ тек сенімді онлайн-сервистерді пайдалану қажеттігі ескертілді.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, киберқауіптердің алдын алу — бір реттік акция емес, ол "Заң мен тәртіп" қағидаттарына негізделген жүйелі жұмыс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру