ШҚО-да полиция дрондар арқылы қауіпсіздікті күшейтті
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметтің барлық бағытында дрондарды қарқынды қолданып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Дрондар көліктер легін жоғарыдан бақылап, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын дәл тіркейді және жердегі полиция нарядтарының жедел әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Қоғамдық қауіпсіздік саласында ұшу аппараттары бұқаралық іс-шараларды қадағалау, ықтимал қауіп-қатерлерді анықтау және оқыс оқиғалардың алдын алу үшін пайдаланылады.

Қылмысқа қарсы күресте дрондардың рөлі ерекше. Олар қол жеткізу қиын аумақтарды бақылап, құқық бұзушылықтарды құжаттауға әрі іздестіру жұмыстарын жүргізуге көмектеседі.
Жоғалған азаматтарды іздеу немесе әр сәт маңызды саналатын мал ұрлығы фактілерін ашу барысында да бұл технологиялар үлкен тиімділік көрсетуде.
Сонымен қатар дрондар синтетикалық есірткі жасыратындарды анықтауда да қолданылуда — биіктіктен түсірілген бейне арқылы күдікті әрекеттер байқалып, ақпарат жедел топтарға дереу жеткізіледі.

Аймақта тұрғындарды киберқауіпсіздікке шақырып, интернет-алаяқтардың тәсілдерінен сақтандыратын "сөйлейтін дрондар" да жұмыс істейді.
Қазіргі заманғы озық әрі жылдам дамып келе жатқан технологиялар полиция қызметін жеделдетіп қана қоймай, жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің пәрменді құралына айналып отыр.
