ШҚО-да полиция есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған күдіктіні ұстады
ШҚО-да полиция есірткі жеткізу арнасын ұйымдастырған күдіктіні ұстады. 20 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен каннабис тобына жататын есірткі құралдарының ірі жеткізу арнасын ұйымдастырған Өскемен қаласының тұрғынын ұстады.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде аталған азаматтың қала аумағында тыйым салынған заттарды сатумен айналысқаны белгілі болды. Аталған іс-шаралар барысында 20 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді, бұл бес мыңнан астам бір реттік дозаға тең.
Қазіргі уақытта қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр. Полицейлер есірткі тарату арналары мен ықтимал сыбайластарды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.