ШҚО-да полиция мен жас спортшылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы біріккен акция өткізді
ШҚО-да полиция мен жас спортшылар отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы біріккен акция өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы аясында Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, құқық қорғау органдарына деген сенімді нығайту, сондай-ақ отбасындағы өзара сыйластық пен қолдаудың маңыздылығын насихаттау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Аталған маңызды әлеуметтік бастаманы қолдау мақсатында Киокушинкай каратэ мектебінің жас спортшылары да акцияға белсене атсалысып, отбасыдағы үйлесім мен қауіпсіз қарым-қатынастың маңызын ерекше атап өтті.
Шара барысында балалар тек қатысушы ғана емес, жекпе-жек өнерінің әсерлі элементтері арқылы күш-қуаттың зорлыққа емес, қорғауға бағытталуы керектігін айқын көрсетті.
"Шын күш – соққыда емес, кешіріп, қорғай алатын жүректе. Күш пен спорт – агрессияның емес, рух пен тәннің биіктігі", – деген ұран олардың сенімді ұстанымын білдіреді.
Полиция мен қоғам өкілдерінің бірлесе әрекет етуі – әрбір адамның өзін қауіпсіз, қорғалған әрі құрметке лайық сезінетін орта құру жолындағы маңызды қадам екені сөзсіз.