ШҚО-да полиция қарызын төлеуден жалтарып жүрген азаматты анықтады
ШҚО-да полиция қарызын төлеуден жалтарып жүрген азаматты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері 2023 жылдың сәуір айынан бастап қарызын төлеуден жалтарып жүрген ер адамның орналасқан жерін анықтады.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, облыс тұрғыны танысынан бизнесін дамыту үшін ақша алған, алайда оның кәсіпкерлік идеясы сәтсіз аяқталып, қарызы өтелмей қалған. Іздеу жарияланғаннан кейін көші-қон қызметі оның Ақтауда екенін анықтаған.
Енді қарызды өндірумен құзырлы органдар айналысатын болады.
Полиция азаматтарға атқарушылық құжаттарды орындаудан жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Айта кетейік, 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысының тәртіп сақшылары қарызын төлеуден жалтарып, жасырынған 40-тан астам адамды іздеп тапқан.