Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полиция қызметкерлері балаларға жаңа жылдық көңіл күй сыйлады

ШҚО-да полиция қызметкерлері балаларға жаңа жылдық көңіл күй сыйлады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

25 желтоқсан күні "Юбилейный" кинотеатры балдырғандардың шат күлкісі мен әуенге, нағыз жаңа жылдық ғажайыпқа толы ерекше атмосфераға бөленді. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері ішкі істер органдары қызметкерлерінің балаларына, қамқорлыққа алынған бүлдіршіндерге және "Жас сақшы" кадет сыныптарының тәрбиеленушілеріне арналған мерекелік шоу ұйымдастырды.

6 жастан 12 жасқа дейінгі 500-ден астам бала ертегідей әсерге толы жарқын шытырман оқиғаның куәсі ғана емес, оның тікелей қатысушысына айналды. Кинотеатр фойесінде оларды сүйікті кейіпкерлері, әсем безендіру, жаңа жылдық әуендер мен интерактивті ойындар қарсы алып, алғашқы сәттен-ақ мерекелік көңіл күй сыйлады.

Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлімі үлкен кинозалда жалғасын тапты. Жарық шоуы, сахналық эффектілер, көңілді байқаулар мен әзіл-қалжың, сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақармен көптен күткен кездесу балалардың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.

Балалар мен ата-аналарды келе жатқан Жаңа жылмен Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов құттықтады. Ол барша отбасыларға денсаулық, мол қуаныш пен бақ-береке, ал жас қонақтарға жарқын әсерлер мен көтеріңкі көңіл күй тіледі.

— Құрметті ата-аналар мен балалар! Сіздерді ең сиқырлы мереке — Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Жаңа жыл әр шаңыраққа шаттық, мықты денсаулық, жақсы бағалар мен бақытты сәттер алып келсін, — деді ол.

Мерекелік кеш өңірдегі ең үлкен экранда көрсетілген "Үш батыр" атты тақырыптық мультфильммен қорытындыланды.

https://youtu.be/W0oMwPM27Kg

Балалардың шынайы қуанышы мен жарқыраған көздері бұл іс-шараның жай ғана ресми басқосу емес, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті үшін өскелең ұрпаққа деген қамқорлық пен қолдаудың игі дәстүрге айналғанының айқын дәлелі болды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру