ШҚО-да полиция қызметкерлері бет-жүзді толық жабатын киімге қатысты заң талаптарын түсіндірді
ШҚО-да полиция қызметкерлері бет-жүзді толық жабатын киімге қатысты заң талаптарын түсіндіріп жатыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қабылданған жаңа заң нормалары бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
2025 жылғы 12 шілдеден бастап өңірде қоғамдық орындарда бет-жүзді толықтай жабатын киім киюге тыйым салу ережесі күшіне енді. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Сонымен бірге заңда бірқатар ерекшеліктер көзделген. Атап айтқанда, бет-жүзді жабуға мына жағдайларда рұқсат беріледі:
-
қызметтік міндеттерді орындау барысында (дәрігерлерге, құрылысшыларға, полицейлерге және жеке қорғаныс құралдарын пайдаланатын өзге де мамандарға);
-
медициналық көрсетілімдер бойынша, соның ішінде медициналық маска тағу кезінде;
-
төтенше жағдайларда (табиғи апат, өрт немесе техногендік оқиғалар кезінде);
-
қолайсыз ауа райы жағдайында (қатты аязда немесе шаңды дауылдарда);
-
спорттық және мәдени іс-шараларда (театрландырылған қойылымдар мен мерекелік киімдерде).
Полиция қызметкерлері тұрғындармен кездесулерін саябақтарда, көшелерде, базарларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында, сондай-ақ аулаларды аралау барысында өткізуде. Кездесу кезінде азаматтарға заң талаптарының мазмұны түсіндіріліп, бет-жүзді толықтай жабатын маска, тұмшаланған капюшон және өзге де аксессуарларды қолданудың құқықтық салдары туралы ескертілуде.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары өзге де маңызды қауіпсіздік шараларына назар аударды. Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау, түнгі уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді пайдалану және жолда мұқият болу ұсынылады. Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері интернет қауіпсіздігіне де мән беруге шақырды: жеке деректерді жария етпеу, күрделі құпиясөздер пайдалану және ақпарат көздерінің сенімділігін тексеру қажет екені айтылды.
Полицейлердің атап өтуінше, жаңа талаптар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге бағытталмаған. Керісінше, олар – қоғамдағы тыныштықты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған кешенді шаралардың бір бөлігі болып табылады.