ШҚО-да полиция шетел азаматының жоғалған мүлкін санаулы сағатта тауып берді
ШҚО-да полиция шетел азаматының жоғалған мүлкін санаулы сағатта тауып берді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Заманауи технология мен полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы күтпеген жағдайлардың өзін қысқа мерзімде шешуге мүмкіндік береді. Мұны Өскеменге барар жолда құжаттары, ақшасы мен жеке заттары салынған сөмкесін жоғалтып алған Ресей Федерациясының азаматы Евгения Шелехованың оқиғасы да дәлелдейді.
Шетел азаматы үшін бөтен елде жеке құжаттары мен балаларының құжаттарын, сондай-ақ қомақты қаражатын жоғалту – үлкен қиындық. Алайда Шемонаиха аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері әйелдің өтінішін жедел қабылдап, жоғалған заттарды іздеуге бірден кірісті.
Кезекші бөлімге жүгінген Евгения іздеу жұмыстары ұзаққа созылуы мүмкін деп ойлаған. Алайда жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі полицияға қажетті ақпаратты қысқа уақытта анықтауға мүмкіндік берді.
Полиция қызметкері Виктор Никитин бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият зерделеп, әйелдің жүрген бағытын кезең-кезеңімен анықтады. Нәтижесінде сөмкенің нақты жоғалған жері белгіленіп, оның ішіндегі барлық заттар толық сақталған күйінде табылып, заңды иесіне қайтарылды.
- Полиция қызметкерлерінің қаншалықты жедел жұмыс істегенін сөзбен жеткізу қиын. Менің төлқұжатым, балаларымның құжаттары, ақшам – бәрі аман-есен табылды. Бүкіл полиция бөліміне, әсіресе кәсібилігі мен жеделдігі үшін Виктор Валерьевич Никитинге шын жүректен алғыс айтамын, – деді Евгения Шелехова.
Бұл жағдай полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігі мен заманауи бейнебақылау технологияларының тиімділігін тағы бір мәрте көрсетті. Азаматтың өтінішіне жедел ден қойып, қысқа мерзімде нақты нәтиже шығару – полиция қызметінің басты қағидаларының бірі.
Тәртіп сақшыларының жедел әрі кәсіби әрекеті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ғана емес, қиын жағдайда қалған адамдарға дер кезінде көмек көрсету де полиция қызметінің маңызды міндеті екенін дәлелдеді.
