ШҚО-да полиция жоғалған жасөспірімді іздеп тапты
ШҚО-да полиция жоғалған жасөспірімді іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскеменде полиция бөліміне мазасы болмаған қала тұрғыны келіп, оның кәмелет жасына толмаған қызы жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Әйел адам жасөспірімнің жақын жерде тұратын әжесіне баратынын, бірақ аталған мекен-жайға жетпегенін айтқан. Өз бетінше іздеу шаралары сәтсіз аяқталып, кейіннен қыздың ата-анасы полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінген.
Өтінішті қабылдаған тәртіп сақшылары дереу іздеуге кірісіп, жоғалған баланың белгілерімен бағдарларды облыстың барлық полиция бөлімдеріне және барлық сыртта қызмет өткеріп жүрген нарядтарға жіберген.
Бір сағатқа созылған іздеу жұмыстарының нәтижесінде «Буран-20» экипажының қызметкерлері Өскемен қаласы ППБ қызметі инспекторлары Ернар Қадырбаев пен Рүстем Қасымжанов Понтон көпірі ауданында жоғалған баланы тапқанын хабарлаған.
Әжесінің үйіне барар жолда қыз баланың адасып, жол таба алмағаны белгілі болды.
Полицейлер азаматтарға өз балаларына мұқият қарауға және бала немесе жақын туыстары жоғалып кеткен жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай, дереу «102» нөмірі бойынша полицияға хабарласу керек екенін ескертеді.