Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да полицияның қатысуымен бизнес-форум өтті

ШҚО-да полицияның қатысуымен бизнес-форум өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында "Атмосфера" бизнес-қоғамдастығының ұйымдастыруымен кәсіпкерлерге арналған офлайн форматтағы бизнес-форум өтті. Іс-шара кәсіпкерлер арасында өзара тәжірибе алмасуға, пікір бөлісуге және қазіргі бизнеске тән өзекті мәселелерді талқылауға арналған тиімді диалог алаңына айналды.

Форум ашық форматта ұйымдастырылып, оған Шығыс Қазақстан облысымен қатар Астана және Семей қалаларынан келген 400-ге жуық кәсіпкер қатысты. Қатысушылар бизнесті дамыту, заманауи сын-қатерлер мен тәуекелдер тақырыптарын талқылай отырып, қауіптердің барған сайын цифрлық кеңістікке ауысу үрдісіне ерекше назар аударды.

Іс-шара бағдарламасында киберқауіпсіздік мәселелеріне арнайы блок арналды. Оның аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің киберполиция қызметкерлері кәсіпкерлік қызмет барысында жиі кездесетін интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері туралы ақпарат беріп, олардың алдын алу жолдарын түсіндірді.

Полиция қызметкері Нұрай Арыстанбек фишинг, жалған интернет-ресурстар, онлайн төлемдерге қатысты алаяқтық, сондай-ақ іскерлік хат-хабарларды заңсыз бұзу секілді қылмыстық схемалар бойынша тәжірибелік мысалдар келтіріп, қауіп-қатерді ерте анықтау және құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу тетіктеріне тоқталды.

Аталған тақырыптың өзектілігі ресми статистикалық деректермен де расталады. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 1 400-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген, соның ішінде 50-ден астамы кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты. Бұл көрсеткіштер цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бүгінгі таңда бизнестің тұрақты әрі қауіпсіз қызметінің ажырамас бөлігі екенін айқын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру