Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да Қасым Қайсенов атындағы полиция сыныбы ашылды

ШҚО-да Қасым Қайсенов атындағы полиция сыныбы ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентіндегі Р.Марсеков атындағы орта мектепте "Жас сақшы" полиция сыныбының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Жаңа 6 "А" сыныбына 19 оқушы — 9 ұл мен 10 қыз қабылданды. Енді олар тәртіптілік, патриотизм және заңға құрмет сезімін қалыптастыруға бағытталған арнайы бағдарлама бойынша білім алатын болады.

Салтанатты іс-шараға ШҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Серік Манапов, ІІД және Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев, сондай-ақ аудан әкімдігі мен білім бөлімі өкілдері қатысты. Қонақтар оқушыларды жаңа мәртебелерімен құттықтап, кадет атану – құрметпен қатар үлкен жауапкершілікті де жүктейтінін атап өтті.

— Бүгін біз "Жас сақшы" кадет сыныбын ашып отырмыз. Оған халқымыздың аңызға айналған ұлы, батыр партизан, жазушы және қоғам қайраткері Қасым Қайсеновтің есімі берілді. Мұндай бастама жас ұрпақты Отанға адалдыққа, заңға бағынуға және азаматтық жауапкершілікке тәрбиелейді. Басты мақсатымыз — тәртіптілік пен қоғамға қызмет етуге дайындықты қалыптастыру, — деді Серік Манапов.

Қасым Қайсеновтің есімін беру — ерекше мәнге ие. Оның ерлігі, қайсарлығы мен Отанға шексіз адалдығы жас буынға үлгі болып, кадеттердің рухын асқақтатады.

"Жас сақшы" сыныбы — болашаққа сенімді қадам. Мұнда тәрбиеленген өрендер елжандылық пен адалдықтың жарқын үлгісін көрсететіні сөзсіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру