Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да Қазақстандағы алғашқы киберқауіпсіздік бойынша оқыту курсы басталды

ШҚО-да Қазақстандағы алғашқы киберқауіпсіздік бойынша оқыту курсы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысында студенттер мен оқытушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған инновациялық білім беру жобасы – "Кибертрон" іске қосылды. Курс С. Аманжолов атындағы ШҚУ мамандары ШҚО полиция департаменті, облыстық прокуратура және өңірдің ішкі саясат басқармасымен бірлесіп әзірленді.

ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дархан Камалхановтың айтуынша, елімізде жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркеледі, ал 2024 жылы жәбірленушілерге қайтарылған қаражаттың жалпы көлемі 1,4 млрд теңгені құрады. Бұл оқыту курсын енгізу аталған мәселемен күресті күшейтіп, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Сабақтар ай бойы аптасына бір рет өткізіледі. Курсты ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек жүргізеді. Бағдарлама дәрістер, тренингтер және практикалық сабақтарды қамтиды. Оқыту аяқталған соң қатысушыларға сертификаттар табысталып, олар киберқауіпсіздік саласында волонтер ретінде басқа азаматтарды, соның ішінде егде жастағы адамдарды цифрлық сауаттылыққа үйретуге мүмкіндік алады.

— Қазіргі әлемде цифрлық қауіптер үнемі өзгеріп отырады, сондықтан жастар бұл салада білім алып қана қоймай, оны басқаларға жеткізе білуі қажет. Бұл курс цифрлық волонтерлерді даярлауға көмектеседі, олар өз кезегінде кең аудиторияны оқытатын болады, — деп атап өтті С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова.

Алғашқы сабақ ашық дәріс түрінде өтті. Нұрай Арыстанбек студенттерге фишинг, әлеуметтік инженерия, жасанды интеллект көмегімен жасалатын шабуылдар, спуфинг және зиянды бағдарламалар сияқты негізгі киберқауіптер туралы айтып берді. Интернет пайдаланушылары үшін сарапшы операциялық жүйені үнемі жаңартып отыру, антивирус бағдарламасын орнату және күрделі құпиясөздер қолдану сияқты басты қауіпсіздік шараларын ұсынды.

Курс мамандыққа қарамастан баршаға қолжетімді және өңірдегі киберқауіпсіздікті арттырудағы маңызды қадам болмақ.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру