ШҚО-да құқық қорғаушылар арасында шағын футболдан турнир өтті
Шығыс Қазақстан облысында құқық қорғаушылар арасында шағын футболдан турнир өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Спорттық іс-шара пандемия кезінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полковник Дәур Ибраевті еске алуға арналған. Жарыс “Титан” спорт кешенінде өтті. Құрметті қонақтар ретінде полицейдің ата-анасы – Болат Әбдірахманұлы мен Умыт Мұқашқызы, жұбайы Әсел мен балалары, сондай-ақ жақын достары мен әріптестері қатысты. ШҚО Полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков турнирге қатысушылар мен қонақтарды қарсы алып, жарысқа қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.
ПД бастығының орынбасары Ренат Унарбеков Дәур Ибраев есімі мен кәсіби шеберлігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Ол көп жылдар бойы Шығыс Қазақстан облысының Ішкі істер органдарында жұмыс істеді және әріптестері үшін қызметтік борышын орындаудың үлгісі болды.
Дәур Ибраев – кадр офицері, ведомстволық жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін Шығыс Қазақстан облысы полициясының жедел-тергеу бөлімшелерінің түрлі лауазымдарында жұмыс істеген. Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарған. 2016-2020 жылдары Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы болып жұмыс істеген.
Жарысқа түрлі құқық қорғау құрылымдарынан 12 команда қатысып, өзара бақ сынасты. Ойын барысында жеңіс үшін табанды күрес болды. Тәртіп сақшылары тамаша ойын және жақсы дене шынықтыру дайындығын көрсетті. Командалардың әрқайсысы жеңіс үшін белсенді күресті.
Күн ұзаққа созылған теңбіл доп сайысында бірінші орынды ШҚО бойынша ТЖД командасы, екінші орынды ШҚО және Абай облысы бойынша МКҚБ, ал үшінші орынды ШҚО бойынша ҚР ҰҚК шекара қызметі командасы иеленді. Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар беріліп, үздік ойыншылар кубоктармен марапатталды.