Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да республикалық жас жол инспекторлары слеті салтанатты түрде ашылды

Өскеменде Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық жас жол инспекторлары слеті салтанатты түрде ашылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласында Ішкі істер министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған Ғазиз Байтасов атындағы XX мерейтойлық республикалық жас жол инспекторлары (ЖЖИ) слетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауқымды шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың жолдағы қауіпсіз жүріс-тұрысын қалыптастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ азаматтық жауапкершілік пен борыш сезімін дамыту.

Биылғы мерейтойлық слетке еліміздің 20 өңірінен келген жас жол инспекторлары командаларымен қатар, Қырғыз Республикасынан арнайы шақырылған өкілдер де қатысуда. Бірнеше күнге созылатын бұл жиында қатысушылар жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін көрсетіп, алғашқы медициналық көмек көрсету шеберліктерін паш етеді. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында шығармашылық жұмыстарын ұсынады.

Салтанатты рәсім барысында Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев жиналғандарды құттықтап, ЖЖИ қозғалысының қоғамдағы рөліне тоқталды:

- Жас жол инспекторлары – бұл жай ғана мектептік ұйым емес. Бұл қозғалыс жас буынға жолдағы қауіпсіздік мәдениетін сіңіреді, заң мен тәртіпке құрметпен қарауды үйретеді, жауапкершілік сезімін арттырады. Слет сіздерге жаңа білім, жарқын әсер және өмірлік достар сыйлайтынына сенімдімін, – деді ол.

Сөз кезегін алған Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар да қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, жыл сайын бұл қозғалысқа қызығушылық артып келе жатқанын атап өтті:

- Жас жол инспекторлары қозғалысы – ел болашағына бей-жай қарамайтын, тәртіпті де саналы жастарды біріктіретін ұйым. Олардың қатарының көбеюі – қоғамның болашаққа сенімі мен үмітін білдіреді, – деді ол.

Салтанатты ашылу рәсімі концерттік бағдарламамен жалғасты. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің хоры әсем ән шырқап, көрермен қауым түрлі би ұжымдарының өнерін тамашалады. Іс-шара жас жол инспекторларының Гимнін орындаумен және жарыстарға ресми түрде бастау берумен аяқталды.

Осылайша, республикалық слет ресми түрде ашық деп жарияланды. Алдағы күндері қатысушыларды түрлі байқаулар, білім мен білік сыналатын қызықты әрі мазмұнды кезеңдер күтуде. Әр команда өзін танытып, өнері мен шеберлігін көрсетіп, еліміздің ең үздік жас жол инспекторы атағына бір қадам жақындауға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру