Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да спорт турнирі барысында киберқылмыс пен нашақорлықтың алдын алу жұмыстары жүргізілді

ШҚО-да STEPPE BOXING халықаралық турнирінің 3 мыңнан астам көрерменіне киберқылмыс пен нашақорлықтың алдын алу жолдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласындағы "Жекпе-жек" сарайында Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген спортшылар қатысқан STEPPE BOXING кәсіпқой бокс бойынша халықаралық турнир өтті. Тартысты өткен жекпе-жектерді 3 мыңнан астам жанкүйер тамашалады.

Аталған спорттық шара аясында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен киберполиция қызметкерлері кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізді. Іс-шара барысында киберқылмыстың, оның ішінде дропперлік әрекеттердің алдын алу мәселелеріне, сондай-ақ жастар арасында нашақорлықтың таралуына жол бермеуге ерекше назар аударылды.

Көрермендерге интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері түсіндіріліп, банк карталары мен жеке деректерді бөгде адамдарға берудің қауіптілігі туралы ескертілді. Сонымен қатар заңсыз әрекеттерге қатысудың құқықтық салдары жөнінде ақпарат берілді.

Бұдан бөлек, есірткі заттарының адам денсаулығына тигізер зияны мен олардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік туралы алдын алу әңгімелері жүргізілді.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков киберқылмыстың алдын алу мәселесіне қатысты пікір білдіріп, дропперлік тақырыбының өзектілігін атап өтті:

— Жастарға банк карталары мен жеке деректерін берудің ауыр құқықтық салдарға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру аса маңызды. Мұндай бұқаралық іс-шараларда жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың тиімділігі жоғары, — деді ол.

Белгілі блогер Қайрат Олжас та бастаманы қолдап, ШҚО полициясының алдын алу бағытындағы жұмысына оң бағасын берді:

— Дропперлік — жай ғана көмек емес, бұл қылмыстық схемаға тікелей қатысу. Бұл туралы ашық әрі жүйелі түрде айтылған сайын жастардың құқықтық сауаттылығы артып, заңсыз әрекеттерге тартылу қаупі төмендейді, — деді блогер.

ШҚО полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай форматтағы іс-шаралар спортты, салауатты өмір салтын және азаматтарды қауіпсіздік пен заң алдындағы жауапкершілік туралы уақытылы ақпараттандыруды тиімді ұштастырып, кең аудиторияны қамтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру