ШҚО-да тұрғынның 9 млн теңгесін жымқырған күдікті анықталды
ШҚО-да полиция ірі көлемдегі алаяқтық дерегін тергеп жатыр, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласының полициясына жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Оның айтуынша, танысы сеніміне кіріп, тұрғын үй сатып алуға көмектесемін деген сылтаумен 9 млн теңгесін қалтаға басқан.
Жедел тергеу іс-шаралары барысында осыған ұқсас бірқатар алаяқтыққа қатысы бар 40 жастағы күдікті анықталды.
Тергеу мәліметтері бойынша ол ипотекалық несие рәсімдеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға немесе қаражат салуға көмектесемін деп азаматтардың ақшасын жымқырып отырған.
Әрбір жағдай бойынша келтірілген шығын көлемі 3 миллионнан 8 миллион теңгеден астам соманы құрайды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
