ШҚО-да түзеу мекемесіне жіберілген сәлемдемеден телефон табылды
ШҚО-да түзеу мекемесіне жіберілген пошталық сәлемдеменің арасындағы бал салынған банканың ішінен тыйым салынған заттар табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында колония қызметкерлері сотталғандардың біріне жеткізілген сәлемдеменің ішіндегі бал салынған ыдыстан тыйым салынған заттар тауып алды. Сәлемдеме пошта арқылы жіберілген.
– Әдетте сәлемдемені сотталғандарға берер алдында мұқият тексеру жүргізіледі, – деді режим бөлімінің бастығы Дәурен Байханов.
– Тұрмысқа қажетті көптеген заттардың ішіндегі бал салынған банкаға қаскүнемдер телефон, қуаттау құрылғысы мен құлаққапты тыққан. Сәлемдемені жіберуші поштада сәлемдеменің ішінде түзеу мекемесіне жіберуге тыйым салынған заттардың жоқ екендігі туралы қолхат береді. Тыйым салынған заттар салынған сәлемдемені жөнелтушіге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы материалдар жиналып, сотқа жіберілетін болады, – деді мекеме қызметкері.