ШҚО-да жас полицейлер ант қабылдады
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінде 22 жас қызметкер салтанатты түрде ант қабылдады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бастапқы кәсіби даярлық курсынан өткен жас полицейлер енді азаматтардың құқықтарын қорғап, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметіне кіріседі.
Салтанатты рәсімге жас қызметкерлердің ата-аналары мен жақындары қатысты.

Полиция департаменті бастығының орынбасары Руфат Қажымқанов жас мамандарға арнаған сөзінде анттың маңызына тоқталып, оның адалдығы мен жауапкершілігі күнделікті қызметте көрініс табуы керектігін атап өтті.
- Сіздердің қызметтеріңіз "Заң мен тәртіп" қағидатына негізделуі қажет. Қоғам сіздерді ең алдымен адал, ұстанымшыл және әрдайым көмекке келуге дайын қорғаушылар ретінде көруі тиіс, – деді ол.
Сондай-ақ жас қызметкерлерге ШҚО ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев пен полиция департаменті Тәлімгерлер кеңесінің төрағасы Дәурен Мұқанов ақ тілектерін жеткізді. Олар жас полицейлерге кәсіби табыс, қызметтік міндеттеріне адалдық және азаматтардың сеніміне ие болуды тіледі.

Іс-шара барысында ата-аналар да балаларын құттықтап, таңдаған мамандығына адал болып, қызметін абыроймен атқаруына тілектестік білдірді.
Республика күні қарсаңында өткен салтанатты рәсім жас қызметкерлер үшін кәсіби жолдың маңызды кезеңіне айналды. Енді олар қабылдаған анттарына адалдықтарын күнделікті қызметтерімен дәлелдеуі тиіс.
