ШҚО-да жас полицейлердің республикалық слеті аяқталды
ШҚО ПД жас полицейлердің республикалық слеті аяқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19-20 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің базасында жас қызметкерлер мен олардың тәлімгерлерінің республикалық слеті өтті, оған еліміздің барлық өңірлерінен 70-тен астам тәртіп сақшысы қатысты.
20 шілдеде форум өтіп, онда жас полицейлер өз әсерлерімен бөліссе, ал олардың тәлімгерлері ішкі істер органдарындағы жас қызметкерлердің қалыптасуындағы рөлі туралы айтып берді.
Форумды ашқан ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков жас полицейлердің кәсіби біліктілігін арттыруда тәлімгерлік рөлін арттыру өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын және бұл шара еліміздің басқа өңірлері арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Республикалық слеттің жұмысына біздің жас қызметкерлерімізден бөлек, саналы ғұмырын ішкі істер органдарында қызмет етуге арнаған, өз саласының бір емес бірнеше буынын кәсіби мамандарды тәрбиелеп шығарған, бүгінгі таңда еліміздегі қылмыспен күреске және құқық тәртіпті қамтамасыз етуге лайықты үлес қосып келе жатқан олардың үздік тәлімгерлері қатысуда. Дәл осы жерде біз ұрпақтар сабақтастығы мен Қазақстан полициясының даңқты дәстүрлерін жалғастырудың негізі мен байланысын көріп отырмыз, – деді ҚР ІІМ кадр саясаты департаментінің бастығы Ораз Жолдасов.
Ауқымды шара мерекелік концертпен аяқталып, жас тәртіп сақшыларын тәрбиелеуге зор үлес қосқан тәлімгерлермен жас қызметкерлерді марапаттау рәсімімен аяқталды.