Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да "Жас сақшы" полиция сыныбы ашылды

ШҚО Глубокое ауданында алғашқы "Жас сақшы" сыныбы ашылып, оған ауған ардагері Талғат Ожиқановтың есімі берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданындағы Прогрессов орта мектебінде ауған соғысының ардагері Талғат Ожиқановтың есімі берілген алғашқы "Жас сақшы" патриоттық сыныбының салтанатты ашылуы өтті. Бұл бастама – батырлық пен елге адал қызметтің символы әрі жас ұрпақ үшін үлгі мен шабыт көзі.

Талғат Ожиқанов 1969 жылы 13 қыркүйекте Өскемен қаласында металлург жұмысшысының отбасында дүниеге келген. 1987 жылы әскер қатарына шақырылып, Ауғанстан Республикасының Шиндант провинциясындағы артиллериялық полкте қызмет атқарған. Кейін Мурманск қаласында әскери борышын жалғастырып, аға сержант шенімен елге оралған.

1993 жылы ішкі істер органдарындағы қызметін бастап, жедел уәкілден ШҚО ІІД криминалдық полиция бастығының орынбасарына дейінгі жауапты лауазымдарды атқарған. 2008 жылы еңбек сіңірген жылдары бойынша құрметті демалысқа шыққан.

Патриоттық сыныптың ашылу салтанатына аудан әкімдігі мен білім бөлімі, ШҚО полиция департаменті, ішкі істер органдары ардагерлері кеңесі, Ауған соғысы ардагерлері ұйымы өкілдері, педагогтар мен ата-аналар қатысты. Ерекше сәттердің бірі – ардагердің өзі іс-шараға қатысып, оқушылармен және қонақтармен қуанышын бөліскені болды.

Салтанат барысында "Жас сақшы" кадеттері Отанына адал қызмет етуге, ерлік, тәртіп және патриотизм үлгісін көрсетуге ант берді.

Бұл оқиға – Глубокое ауданы үшін ерекше маңызға ие. Ол жас ұрпақтың бойына елжандылық пен жауапкершілік сезімін ұялатып, өмірін Отан қорғауға арнаған ерлердің ерлігін мәңгі есте сақтауға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру