ШҚО-да жасөспірімдер арасында футбол турнирі өтті
ШҚО-да жасөспірімдер арасында футбол турнирі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысында "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы мен "Полиция – балалар қорғаушысы" бағыты аясында ювеналды полиция қызметкерлерінің бастамасымен жасөспірімдер арасында футбол турнирі ұйымдастырылды. Іс-шараны ШҚО полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы қолға алды.
Турнирдің басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, жас буынның бойына патриоттық рух пен командалық бірлікті сіңіру, сондай-ақ полиция мен жастар арасындағы өзара сенімді нығайту болды.
Жарыс барысында жас спортшылар ұйымшылдық пен табандылық танытып, әр матчты адал әрі достық атмосферада өткізді. Қауіпсіздік пен әділ ойын қағидаттарына ерекше көңіл бөлінді.
Турнир соңында барлық қатысушы командалар дипломдармен, алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы арнайы жүлделер тағайындап, "Үздік қақпашы", "Үздік қорғаушы" және "Үздік шабуылшы" номинациялары бойынша үздіктерді жеке атап өтті.
Тәртіп сақшылары жарыс бойы қатысушыларға жанкүйер болып, рухани қолдау білдірді. Жасөспірімдерге спорттағы тәртіп, өзара сыйластық пен әділдік ұғымдарының маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Бұл турнир – жастарды ынталандыратын, олардың физикалық әрі рухани дамуына серпін беретін маңызды іс-шара болды. Мұндай игі бастамалар балалардың болашағына сенім ұялатып, қоғаммен үйлесімді байланыс орнатуға ықпал етеді.