ШҚО-да жол ережесін бұзған 1,5 мыңнан астам адам жауапқа тартылды
Шығыс Қазақстан облысында жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін 1,5 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол жүрісі қағидаларын сақтау бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуде. Өткен демалыс күндері ғана қала мен облыстың 1500-ге жуық тұрғыны құқық бұзушылыққа жол беріп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 214-ден астам жаяу жүргінші жол ережесін бұзған, 212 тұлға қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану қағидаларын сақтамаған, 42 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланған, 8 адам жолдың жүру бөлiгiнiң қарсы бағытта жүруге арналған жағына шыққан. Автокөлікті масаң күйде басқарған 12 жүргізуші ұсталды.
Мәселен, 6 шілдеде ШҚО ПД облыстық батальонының полицейлері Nissan Primera көлігінің 31 жастағы жүргізушісін тоқтатқан, оны тексеру кезінде «орташа дәрежелі» алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Toyota Town Ace көлігінің тағы бір мас жүргізушісі Өскемен – Риддер автожолында тоқтатылды. Ол да жеңіл дәрежелі масаң күйде болған.
Екі жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Олар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады. Полиция департаменті жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға және бұзушылықтарды болдырмауға шақырады.