ШҚО-да жолаушылардың өмірін қатерге тіккен автобус жүргізушісі жазаланды
ШҚО-да жолаушылардың өмірін қатерге тіккен автобус жүргізушісі жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық көлік жүргізушілері арасында көлік тәртібін арттыру мақсатында 21 ақпаннан бастап ШҚО аумағында «Автобус» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – автобус жүргізушілерінің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының және жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу және ескерту.
Жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күні полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзудың 170-тен астам фактісін анықтады.
Маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін 34 жүргізуші, көлік құралын басқару кезінде телефонды пайдаланғаны үшін 30-дан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 130 автобустың жылыту, электр жабдықтарының жағдайына сәйкестігі тексерілді.
Сонымен қатар, іс-шара аясында жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген, қарама-қарсы қозғалыс жолағына өтіп, басып озған Семей қаласының 41 жастағы қоғамдық көлік жүргізушісі анықталды.
Осы бұзушылық үшін ол ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік жауапқа тартылды. Аталған баптың санкциясымен көлік құралдарын жүргізу құқығынан алты ай мерзімге айыру түріндегі жаза көзделген. Жүргізуші өз кінәсін мойындап, оның әрекеттерін оның алдындағы басқа автобусты басып озу ниетімен түсіндірді.
Еске сала кетейік, іс-шара 2 наурызға дейін жалғасады.