Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да "Жолда қабылдау" шарасы өтті

3–4 қазан күндері Шығыс Қазақстан облысында республикалық "Жолда қабылдау" акциясы өтуде. Бұл шара он жылдан астам уақыт бойы азаматтар мен полиция арасындағы ашық диалогтың дәстүрлі алаңына айналған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгін облыстың барлық аудандарында полиция қызметкерлерінің мобильді топтары жұмыс істеп жатыр. Тұрғындардың ыңғайлылығы үшін әлеуметтік желілерде тікелей эфирлер ұйымдастырылып, кез келген азамат онлайн режимде тәртіп сақшыларына өз сұрағын қою мүмкіндігіне ие болды.

Өскемен қаласындағы мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында өткен қабылдауда шығысқазақстандықтар белсенділік танытып, жол қозғалысын жетілдіру, көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ұсыныстарын білдірді.

Акцияға ШҚО Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ерлан Омарбеков қатысып, қала тұрғындары мен қонақтарының сұрақтары мен пікірлерін тыңдады. Ең көп қозғалған тақырыптар – қоғамдық тәртіп пен көлікті тіркеу мәселелері болды.

— Мұндай форматтағы кездесу өткір проблемаларды анықтап қана қоймай, оларға дер кезінде әрекет етуге жол ашады. Заң мен тәртіп – қоғам қауіпсіздігінің берік негізі, ал азаматтардың полицияға сенімі – осы жолдағы ең маңызды фактор, — деді Е. Омарбеков. 

Облыстың бас полицейіне тұрғындар тек мәселелерін ғана емес, алғыстарын да жеткізді. КШТ ықшам ауданының тұрғыны Надежда Васильевна учаскелік инспекторлардың еңбегін ерекше атап өтті:

— Біздің полиция қызметкерлері әрқашан қолжетімді. Күнде де, түнде де көмекке жүгінуге болады. Біз мұны жоғары бағалаймыз, — деді ол.

Осы сапар барысында департамент басшысы автодромның жұмысын да тексерді. Жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсыру барысымен танысып, оқу көліктерін қарап шықты. Тіпті болашақ жүргізушілермен бірге сынақтың бір бөлігін өзі тапсырып көрді.

Айта кетейік, акцияның алғашқы күнінде-ақ 40-тан астам азамат құқықтық көмек пен кеңес алу үшін полицияға жүгінді.

"Жолда қабылдау" акциясы 4 қазанға дейін Шығыс Қазақстан облысының барлық қала және аудандарында жалғасады. Ал қабылдауға қатыса алмағандар үшін 8 (72-32) 77-46-85 нөмірі арқылы байланысуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру