ШҚО-дағы есірткі қылмысына қарсы іс қимыл басқармасындағы тұңғыш қазақ қызы
Көктемнің шуақты мерекелері қарсаңында біз тағдыры заңмен өрілген, рухы болаттай берік, бірақ жүрегі аналық мейірімге толы ерекше жанмен жүздестік. Бұл - тек бір қызметкердің өмір жолы емес, бұл - қазақ қызының қайсарлығы мен тұтас бір әулеттің офицерлік антқа адалдығы жайлы сырлы шежіре. Толығырақ Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Біздің кейіпкеріміз - полиция майоры, Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының тарихындағы тұңғыш қазақ қызы Бұлбұл Аязбаева. Ол - погон таққан офицер ғана емес, әр тағдырды жүрегінен өткізген ана, жар және қайсар тұлға.

Көптеген қыздар мектеп қабырғасында мұғалім не дәрігер болуды армандаса, жас Бұлбұлдың таңдауы өзгеше еді. Ол бала кезінен әділдікке құштар болып өсті. Қоңырау үні емес, заң мен тәртіптің үні жүрегіне жақын болды.
Еңбек жолын 1983 жылы балабақшада бастаған ол арада он жыл өткен соң балаларды қабылдау-бөлу пунктіне лейтенант болып қызметке келеді. Бақытты бүлдіршіндердің күлкісінен тағдыр тәлкегіне түскен балалардың мұңды жанарына ауысу оның өмірлік ұстанымын түбегейлі өзгертті.

- Балабақшадағы шаттықтан кейін қараусыз қалған сәбилердің көзіндегі мұңды көру мен үшін ауыр сынақ болды. Бір бала: “Менің арманым — өз үйімде теледидар қарау” дегенде, адам тағдыры ойыншық емес екенін жан-тәніммен ұқтым, - дейді ол.
Сол сәттен бастап "адам өмірімен ойнауға ешкімнің хақысы жоқ" деген қағида оның темірқазығына айналды.
1997 жылы ел еңсесін тіктеп, жаңа құрылымдар жасақталып жатқан шақта жаңадан құрылған есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына қызметке шақырылған Бұлбұл Алимбаевна — сол құрылым табалдырығын аттаған тұңғыш қазақ қызы болды.

Бұл тек мансаптық таңдау емес, қоғамдағы "әйел адам ауыр салада істей алмайды" деген түсінікке берілген батыл жауап еді. Ерлермен иық тірестіріп, ең қатал қылмыс әлемімен бетпе-бет келді.
Қызмет барысында талай қауіпті операциялар мен күрделі тергеулер өтті. Соның бірі оның жадында мәңгі сақталып қалды. Есірткі тасымалдады деген күдікпен 78 жастағы кейуана ұсталады. Ақ жаулықты әжейдің имандылықты бетперде етіп, "намаз оқып алайын" дегені көптің көңілін жібітсе де, тәжірибелі офицер ішкі түйсігіне сенді. Тінту барысында 100 грамм героин табылды.
Сол сәтте ол ажалдың қандай кейіпте келетінін анық ұқты. Бұл оқиға оны бұрынғыдан да шыңдай түсті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары тәртіп сақшылары үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Айлап жалақысыз қызмет атқарған офицерлердің рухын ештеңе сындыра алмады.
- Жұмыс біз үшін жалақы емес, жауапкершілік еді. Аурухана салуға қаражат керек болғанда, әр қызметкер соңғы мың теңгесін берді. Бұл - мемлекетке деген сенімнің көрінісі болатын, — деп еске алады майор.
Сол кезеңдегі бірлік, әріптестік, басшылықтың беделі оны кәсіби тұрғыдан шыңдады. Қарапайым қызметкер болып бастаған жолы — шынайы мектепке айналды.
Бүгінде оның отбасы - заң мен әділдіктің үлгісі. Отағасы - жедел қызметтің зейнеткері. Ұлы - құпия қызмет саласында еңбек еткен ардагер, қызы - білікті заңгер.
Бұл әулетте жұмыс пен отбасы ешқашан бөлінген емес. Погон таққан ана балаларына заңды құрметтеуді ғана емес, адамдық қасиетті сақтауды үйретті.
- Дәрігер тәніңді емдейді, мұғалім жаныңды тәрбиелейді, ал полиция сенің ертеңіңе кепіл болады. Бірақ қандай жағдайда да адам болып қалу — ең басты міндет, - дейді ол.
Бұлбұл Аязбаеваның пайымынша, погон мен лауазым — уақытша аманат. Ал адам тағдыры — мәңгілік жауапкершілік.
- Біздің басты қаруымыз — суық ақыл мен болаттай тәртіп қана емес, әділдік пен мейірім, — дейді ардагер.
Бұлбұл Алимбаевна сынды жандардың жүріп өткен жолы — бүгінгі жас сақшылар үшін тағылым мектебі. Қазақ полициясының тарихында есімі құрметпен аталуға лайық мұндай тұлғалар - ел мақтанышы.
