Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО колонияларының бірінде отырған сотталғанның анасы түзеу мекемесінің психологына алғысын білдірді

Туған ұлының дауысын бес жыл естімеген қарағандылық азаматша 15 жылға сотталған баласымен телефон арқылы сөйлесіп, мекеме психологына баласына көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азамат бөтен қалада бірнеше адамның қатысуымен болған төбелес кезінде орын алған адам қазасына кінәлі деп табылып, бас бостандығынан айырылған, сол күннен бастап ол анасымен әңгімелесуден бас тартқан.

– Бала деген бауыр етің, көз нұрың ғой, оны естіп, көрмеген бес жылдың күні мен түні бірдей, тас керең дүниеге айналды. Қырсық шалған сол күні мен тоғыз ай құрсағымда, 22 жыл жанымда болған баламнан әп-сәтте айрылып қала бердім. Осы балам төрт баланың ішіндегі ең мейірімдісі еді. Қанша әрекеттенсек те “анама мені көрсетуші болмаңдар” деген сөзінен таңбай, өзін-өзі кешірмей келген баламмен сөйлесіп,  мауқым басылар емес, енді рұқсат етілген күні кездесуге келгенде, сізді көргім келетінін жеткізгім келеді. Көріскенше күн жақсы, қарағымды ең бірінші Би Батима піріме, содан өздеріңізге тапсырдым, – делінген алғыс хатта.

– Нысанды киім кигеніммен, мен де анамын ғой. Бұл хат маған  қатты әсер етті, екі жылғы үздіксіз жұмысым көз алдымнан бір сәтте зырғып, өте шыққандай болды, хат жазып отырған ана бейнесі жанымды жылытты.  Аталған азамат мекемеге 2018 жылдың аяғында Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД АК-159/6 мекемесінен келген. Бұрын соттылығы болмаған Даниярға темір тордың ар жағында оңай болмағаны анық, оның үстіне ол қамалған күннен бастап анасымен ара-қатынасын үзген.  Даниярмен алдын алу және оңалту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу нәтижесінде оның бұрынғыдай “анама бала болу құқығынан айырылған жанмын” деген қатаң қағидасы суға түскен мұздай еріп, қазір ол анасына хабарласа бастады. Қазіргі таңда Данияр ақылы жұмыспен қамтылған, сотталғандар арасындағы футбол командасының мүшесі болып табылады, – дейді мекеме психологы Надира Амангельдина.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру