ШҚО-ның бас полицейі Самар аудандық полиция бөліміне барды
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков Самар ауданына барып, полиция бөлімінің жеке құрамымен кездесіп, азаматтарды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бірінші кезекте облыстың бас полицейі аумақтық бөлімшенің жаңа басшысы – полиция полковнигі Нұржан Түгеловті таныстырды. Кездесу барысында Ерлан Омарбеков жеке құрамға Қазақстан Республикасы Президенті мен ішкі істер министрінің негізгі талаптары мен тапсырмаларын, сондай-ақ қылмыстың барлық түрінің, әсіресе, кісі өлтірудің, денсаулыққа ауыр зиян келтірудің, мас күйде жасалатын қылмыстың, есірткі таратудың, отбасылық-тұрмыстық қылмыстың, жол тәртібін сақтаудың алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды жеткізді.
Бұл жұмыстардың барлығы азаматтардың құқықтық тәртібі мен қоғамдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Баянды Кужахметов құттықтау сөз сөйлеп, баршаға қиын қызметте денсаулық пен сәттілік тіледі, сондай-ақ Самар ауданы ІІО ардагерлер кеңесінің төрағасы Рашид Әлібаев та өз тілегін білдірді. Ерлан Омарбеков өз кезегінде оларға алғыс хаттар табыс етті.
Кездесу соңында ПД бастығы полицейлер арасында тәртіп пен заңдылықтың мүлтіксіз сақталуына назар аударды.