Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ
Логотип

ШҚО-ның екі полиция офицері «Жыл үздігі – 2024» төсбелгісімен марапатталды

ШҚО-ның екі полиция офицері «Жыл үздігі – 2024» төсбелгісімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Астана қаласында республикалық «Жыл үздігі» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті.

Бұл айтулы шараны «Жаңа Қазақстан» инновациялық орталығы ұйымдастырып, елдің дамуы мен тәуелсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген әртүрлі сала мамандарын қолдауға бағыттады. Байқаудың басты идеясы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айтылған ұстанымдарды негізге ала отырып, патриотизмді дәріптеу, кәсіби шеберлік пен адал еңбекті насихаттау. Сонымен қатар қоғамның дамуына қызмет етіп жүрген азаматтардың жастарға үлгі болуын қамтамасыз ету.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің қызметкерлері бұл шарада өңір намысын қорғап, жоғары дәрежеде өнер көрсетті. Жедел-криминалистикалық басқарманың аға криминалисі Берқан Ескужанов пен оның әріптесі Арман Мүліков кәсібилігі мен қызметіне деген адалдығымен көпшілікті тәнті етті.

Қазылар алқасының мұқият іріктеуінен өтіп, үздік атанған қос офицер «Жыл үздігі – 2024» төсбелгісімен және бірінші дәрежелі құрмет дипломымен марапатталды. Бұл жеңіс олардың күнделікті ерен еңбегін мойындап қана қоймай, әріптестері мен жас буынға үлгі болып отыр.

ШҚО полицейлерінің осы жетістігі олардың адал қызметі мен кәсіби шеберлігін айқын көрсетіп қана қоймай, үздіксіз ізденіс пен табандылықтың қандай нәтижелерге жеткізетінін дәлелдейді. Еліміздің құқық қорғау органдарының сапында осындай өз ісінің нағыз мамандарының болуы – қоғам үшін үлкен мәртебе.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру