Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО ПД бастығы Алтай ауданына іс-сапармен барды

ШҚО ПД бастығы Алтай ауданына іс-сапармен барды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков жұмыс сапарымен Алтай ауданына барып, жеке құрамға жаңа полиция бөлімінің бастығын таныстырды.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен бұл қызметке полиция полковнигі Ерімбесов Денис Масхатбекович тағайындалды.

– Денис Масхатбекович бұл ауданмен жақсы таныс, себебі ол осында қызметін бастаған және жағдайды жетік біледі. Оған жүктелген басты міндеттердің бірі – қылмыс деңгейін, әсіресе ауыр қылмыстарды азайту және халықтың полицияға деген сенімін нығайту, – деп атап өтті облыстың полиция бастығы.

Сапар барысында жұмыстың басым бағыттары айқындалды. Олардың қатарында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес, балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, масаң күйде жасалатын қылмыстардың алдын алу және жол қауіпсіздігін арттыру мәселелері бар. Сонымен қатар, түнгі мекемелердің жұмысын қатаң бақылау және кәмелетке толмағандар арасындағы профилактикалық шараларды күшейту тапсырылды.

– Балалардың қауіпсіздігі – басты міндет. Өкінішке орай, жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау, буллинг және зорлық-зомбылық жағдайлары алаңдатады. Бұл мәселелерге жаңа көзқарас қажет. Біз педагогтармен, ата-аналармен және жастар қауымдастығымен тығыз жұмыс істеуіміз керек, – деді ШҚО ПД бастығы.

Сонымен қатар полиция генерал-майоры Жаңа Бұқтырма полиция пунктіне және Серебрянск қаласына кіреберісте орналасқан полиция пунктіне барып, қызметкерлердің жұмыс орындарын тексерді. Ол қызмет жағдайларымен танысып, бөлімшелердің жедел міндеттерді орындауға әзірлігін бағалады.

– Полицей әрдайым халықтың қасында болып, олардың мәселелерін білуі және қауіп-қатерлерге уақытылы әрекет етуі тиіс. Қылмыстың алдын алуға болатын жағдайларды жібермеуіміз керек, – деп атап өтті Ерлан Омарбеков.

Жұмыс сапарының соңында ШҚО ПД бастығы азаматтарды жеке қабылдап, ішкі істер органдарының ардагерлерін, қоғам белсенділерін және құқықбұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті сақтауда жоғары кәсібилік танытқан қызметкерлерді марапаттады.

Шығыс Қазақстан облысында заң мен тәртіпті нығайту мәселесі облыстың бас полицейінің бақылауында.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру